Жаңалықтар

Сапарда сақ бол, жолаушы!

Акция

Облыс аумағында «Қауiпcіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Мақсат — жол-көлік оқиғаларын болдырмау және алдын алу.

Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімі акцияны өзгеше форматта ұйымдастырды. Республикалық маңызы бар Қарабұтақ-Қостанай тасжолының 168-шақырымында Ақтасты елді мекені маңында ағаш үй тікті. Жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

— 5 айдың қорытындысы бойынша 7 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 4 адам қаза болып, 9 адам дене жарақатын алған. Жол-көлік оқиғаларының себептері — қозғалыс жылдамдығын шамадан тыс арттыру, көліктің қарсы бағытқа шығып кетуі, көлік басқарып отырып ұйықтап кету. Осыған байланысты акция өткізу барысында жүргізушілерге қауіпті жол бөліктері мен аумақтарды ескертіп, демалыс орындары көрсетілген арнайы жадынамалар тараттық, — деді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Мәдияр Әкентай.

Ағаш үйде музей экспонаттары орналастырылып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән мен күй тарту етті. Сонымен қатар жолаушылар үшін дастарқан жайылып, жақсы демалуға мүмкіндік жасалып, жол қауіпсіздігін сақтамаудың салдары қандай болатыны жөнінде арнайы бейнеролик көрсетілді.

Мен атыраулықпын. Қазірде Қостанай облысынан жүк әкеле жатырмын. Талай акцияларды көрдік. Бірақ мынандай жақсы көңіл күй сыйлаған, қазақылықтың барлық қалпы сақталған шараны бірінші рет көрдік. Аудандық полиция қызметкерлерінің адамдардың өмірін сақтау жолындағы жұмыстары орасан зор, — деді Атыраудан келе жатқан жүргізуші Саян Айтжанов.

Осы акцияда жергілікті медицина қызметкерлері қан қысымын өлшеп, қауіпті індетке қарсы тексеру жұмысын жүргізді. Барлық жолаушылардың денсаулығы қалыпты.

Сонымен бірге аудандық жедел штабтың мүшелері де осында болып, өздері тарапынан  апатты жағдайдан, қауіпті індеттен сақтана жүру үшін өздерінің жауапкершіліктерін жете сезінуге шақырды.

Өзгеше түрде өткізілген шараның бір күні аудандық ішкі істер бөлімінің өз істерінде үнемі ізденісте болатындығын көрсетті.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Нажмадинов осы акцияны өткізуге белсене атсалысқан аудандық ішкі істер бөліміне және басқа да сала мамандарына тілектестігін білдіріп, адам тағдыры, оның ішінде жолдағы жолаушылардың амандығы  бәрімізді толғандыратынына тоқталды.

 Е.РАЕВ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button